Аймақ

Бағанашылдағы балалар үйі көшірілмейтін болды: Тоқаев әкімге тапсырма берді

«Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге байланысты жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырды,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейді.
 

"Аталған жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізеді. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заң шеңберіндегі барлық құқығы толық сақталады", - деп жазды Руслан Желдібай.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жетім балаларды Қонаевқа күштеп көшіріп жатқаны туралы желіде видео тараған болатын. Балалар Қонаев маңындағы Заречный ауылына көшірілуі жоспарланған болатын. 21 шілде күні полиция балаларды күшпен алып кетпек болды. Бұл шешім қоғамда үлкен наразылық туғызды.