Министр медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар жауапкершілікке тартылатынын ескертті
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне шабуылдан кейін қазақстангдықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Министр перзентханада мейіргер, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде кезекші және ординатор дәрігер болып жұмыс істеген маман ретінде медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатуды сұрады.
"Негізсіз, ашу мен ызаға бой алдырған қатыгез әрекеттер кезінде өз балаларыңызды, ата-аналарыңызды, жақындарыңызды аман алып қалуға жан салып жүрген дәрігер мен мейіргердің бойын билеген жан жарасы мен қорлығы, қорғансыздығы мен үрейін елестету мүмкін емес", - деп жазды ол.
Айтуынша, көпшілік тағы да Қарағанды мен Қостанайда болған екі сорақы жағдайға куә болған.
"Қарағандыда жеке клиниканың мейіргеріне шабуыл жасалды. Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургі қатыгездікпен соққыға жығылды. Пациент өз кезегін күткісі келмегендіктен, дәрігерді бір ұрып, есінен тандырған. Қазір дәрігер реанимацияда. Жағдайы – ауыр. Адам өмірін арашалап жүрген жанға қол көтеру үшін адам қаншалықты деңгейде қатігез және мейірімсіз болуы керек? Бейбіт уақытта дәрігерлердің өз жұмыс орнында өміріне қауіп төніп отыруы – ақылға қонбайтын, мүлде жол беруге болмайтын жағдай. Бұл – тек бір дәрігерге жасалған шабуыл емес. Бұл – ондаған пациенттің қараусыз қалуы, ондаған операцияның кейінге шегерілуі. Бұл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы. Шабуыл жасалған қабылдау бөлімдері – онсыз да қаупі жоғары аймақтар.Осыған байланысты медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер биылғы қыркүйекте Парламентке енгізіледі", - дейді министр.
Министр мұндай әрекеттерді тұрмыстық қақтығыс ретінде емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген қауіп ретінде бағалау қажет екенін айтады.
"Медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықтың жиілеп кетуіне байланысты Ішкі істер министрімен бірлесіп, шұғыл түрде ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы күзет посттарын күшейту туралы шешім қабылданды. Барлық медициналық ұйымдар бейнебақылау жүйесімен, күзетпен және дабыл батырмаларымен қамтамасыз етілуі тиіс", - деп жазды Ақмарал Әлназарова.