"Артына қарап тұрып, Амантай қажы анамды итеріп жіберіп тұр. Өзінен-өзі итеріп жіберген. Ешқандай ұрыс-керіс бұл жерде болған жоқ. Сап-сау жүрген анамды мүгедек қылып, енді, міне, әлі ауруханада жатырмыз, қозғала алмайды, не жүре алмайды. Жамбас сүйегі екі жерден сынған. Содан кейін екі жерден де темір салынған. Сүйегі ыдырап, шашылып кеткен ғой", - дейді жәбірленуші Раиса Бесқарағаева.
Оқиға осыдан екі апта бұрын таңғы уақытта болған. 76 жастағы Биғайша Бектенбаева қаладағы стадиондардың бірінде медбике болып жұмыс істейді екен. Сол күні әйел Амантай қажымен амандасып, оған ішке кіруге жол берген. Бірақ Амантай Асылбек әй-шай жоқ, зейнеткерді итеріп жіберген көрінеді. Раиса Бесқарағаеваның айтуынша, ең сорақысы, Амантай Хантемірұлы мұнысынан кейін артына бұрылып та қарамаған. Әйел көп қан жоғалтып, оған төрт сағат бойы ота жасалған.
Полиция бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады. Жәбірленуші тарап оған әділ жаза сұрайды әрі бүгінге дейін кеткен шығынды өтеп беруін талап етеді. Айта кетейік, Амантай қажы ел ішінде қоғам белсендісі ретінде танымал. Ол ядролық сынаққа қарсы «Аттан, Қазақстан» қозғалысын басқарады. Осыдан он жыл бұрын ол өзін Президент сайлауына кандитатурасын ұсынған болатын.
"Аталған дерек бойынша Алмалы ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Аталмыш оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды", - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.