«Тамызда үйлену тойы еді»: BINOM мектебінің мұғалімі қайтыс болды
BINOM мектебінің физика пәнінің мұғалімі Бекарыс Аминов мезгілсіз көз жұмды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
"Таңмен жеткен өте суық хабар бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Ортамыздағы ардақты, шәкірт жүрегінен ерекше орын алған, талантты да жас ұстазымыз Аминов Бекарыс Қалиоллаұлы дүниеден өтті деген қаралы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдап отырмыз. Сене алар емеспіз...Бекарыс 4.10.2000 жылы дүниеге келген. БҚО, Теректі ауданының тумасы. Жоғары оқу орнын сәтті тәмамдап, Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебімізге ашылуынан жас маман ретінде келіп, алғашқы еңбек жолын осы білім ордасында физика пәнінің ұстазы ретінде бастады", - делінген жазбада.
Әріптестерінің айтуынша, ұжымда өзінің зеректігімен, жауапкершілігімен, қарапайым да елгезек мінезімен ерекшеленді. Жас болса да, сынып жетекшілері әдістемелік бірлестігінің жетекшісі жұмысын үлкен жауапкерлікпен атқарды. Әріптестері арасында сыйлы, ата-аналар мен оқушылардың ерекше құрметіне ие болды.
"Алда жарқын болашағы, үлкен армандары тұр еді. Биыл 2 тамызда өзінің үйлену тойы болуға тиіс еді...Бұл – орны толмас ауыр қаза. Жасындай жарқ еткен өмірінің мезгілсіз үзілуіне қайғыра отырып, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, әріптестері мен шәкірттерге қайғырып көңіл айтамыз", - дейді әріптестері.