Аймақ

Астанадағы Министрліктер үйінің кіреберісіне ер адам тұтанғыш қоспа лақтырып, өрт шықты

Астанадағы Министрліктер үйінің кіреберісіне бір ер адам тұтанғыш қоспа лақтырып, өрт шықты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқиға орнында түсірілген видео Telegram-дағы Astanovka_98 арнасында жарияланды.

"Бүгін таңғы сағат 8 шамасында Министрліктер үйінің №11 подъезінде өрт шықты. Бір адам Оқу-ағарту министрлігінің ғимаратына кіріп, турникетке тұтанғыш қоспа лақтырған", - делінген желіде жарияланған видео сипаттамасында.

Хабарламада өрттің тез арада сөндірілгені айтылған.

Елордалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті ұсталған.

"Полиция қызметкерлері Министрліктер үйінің кіреберісіне өрт қойған 24 жастағы азаматты анықтап, ұстады. Өртті Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тез арада сөндірді. Зардап шеккендер жоқ", - деп хабарлады ведомстводан.

Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.