Жамбыл облысының экс-әкімі Кәрім Көкірекбаев 12 жылға сотталды
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен Кәрім Көкірекбаев, оның орынбасары Әділет Ахатаев және мердігер Андрей Поплавскийге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен К. мен А.-ға Қылмыстық кодекстің 366-бабы (аса ірі мөлшерде пара алу), ал П.-ға 195 және 367-баптары (аса ірі мөлшерде пара беру, сондай-ақ ұрлау мақсатынсыз мүліктік залал келтіру) бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сотпен анықталғаны, К. мен А. лауазымды тұлғалар бола отырып, ТОО директоры П.-мен сөз байласып, орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою үшін одан аса ірі мөлшерде пара алған. Сондай-ақ, П. шын мәнінде орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстарының актілеріне қол қоюды ұйымдастырған. Осы әрекеттердің салдарынан мемлекеттік мекемеге 1 987 827 622,63 теңге көлемінде залал келтірілген.
Алқабилердің үкімімен К. мен А. Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі бойынша, ал П. – 195-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы және 367-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.
"Сот үкімімен К.-ға 12 жылға, А. мен П.-ға 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген хабарламада.
Сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.