Алматыда бұрынғы үш вице-министр 75 мың доллар парамен ұсталды
Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемдегі пара алу және беру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-нің лауазымды тұлғаларына қатысты жүргізілуде, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Тергеу барысында анықталғандай, «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығы қаржы ұйымдарының сұраныстарын өңдеуге қажетті ақпараттық қызмет көрсету барысында жеке мүдделерін ілгерілету үшін «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» басшыларына жүйелі түрде пара берген.
"2025 жылғы 28 маусымда Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 75 мың АҚШ долларын пара ретінде беру кезінде келесі тұлғаларды ұстады:
Рахым Омаров – «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС бас директоры;
Арман Сарбасов – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшысы, бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бірінші вице-министр қызметін атқарған;
Дәулет Арғандықов – орталықтың бұрынғы басшысы, экс-вице-министр (ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі)", - делінген ақпаратта.
Күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту барысында айғақ зат ретінде ақша тәркіленді:
370 мың АҚШ доллары;
4,5 млн теңге қолма-қол ақша.
Сот қамауға алу санкциясын берді
2025 жылғы 30 маусымда соттың шешімімен екі ай мерзімге қамауға алынды:
А. Сарбасов;
Р. Омаров;
Д. Арғандықов.
Тергеу жалғасуда
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпараттар жария етілмейді.