Оралда заңсыз несие берумен айналысқан компания 1 млрд теңгеге жуық табыс тапқан
Қаржы мониторингі агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті прокуратурамен бірлесіп, Орал қаласында лицензиясыз микрокаржылық қызмет көрсеткен тұлғалар тобына қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бес жыл бойы күдіктілер «Жылдам ақша» деген атаумен кеңінен тараған филиалдар желісі арқылы азаматтармен жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асатын микроқаржы келісімшарттарын жасаған.
Несиенің пайыздары бөлек шарт арқылы «кеңес беру қызметі» ретінде көрсетілген. Бұл қызметтер күдіктінің туысына тіркелген, олармен байланысы бар ЖШС арқылы рәсімделіп отырған.
"Қарыз алушылар күнсайын 1,5% төлеуге мәжбүр болған, бұл заңмен белгіленген шекті мөлшерлемеден 0,3% яғни бес есеге артық.Аталған заңсыз микроқаржы ұйымы арқылы 47 мыңнан астам қарыз жоғары пайызбен берілген. Алдын ала мәлімет бойынша, заңсыз алынған табыс көлемі 917 млн теңгені құрайды", - делінген ақпаратта.
Соттың санкциясымен күдіктілердің мүлкіне – өндірістік коммерциялық нысан мен бір пәтерге – тыйым салынды.
Тергеу жалғасуда.