Жаңалықтар

Алдағы үш күнде 47 градусқа дейін ыстық болады

"Қазгидромет" РМК 3-5 шілдеге ауа райы болжамын жариялады,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Синоптиктердің мәліметінше, республика аумағының басым бөлігінде ауа райына циклон және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөліктер әсер етеді. Жаңбыр, найзағай күтіледі. 4-5 шілдеде солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс өңірлерде бұршақпен бірге қатты жаңбыр жаууы ықтимал. Тек республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында негізінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Сонымен қатар, батыс және оңтүстік өңірлерде желдің күшеюі, шаңды дауылдар болуы мүмкін.

Елдің басым бөлігінде күндізгі уақытта ауа температурасы 35 градус аптап ыстыққа дейін көтеріледі. 4-5 шілдеде республиканың орталығы мен шығысында өте қатты ыстық – 40-42 градус күтіледі. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда 35-40 градусқа дейінгі қатты ыстық болжанады, жекелеген аудандарда өте қатты ыстық – 43-47 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Алайда солтүстік өңірлердің тұрғындары босаңсымауы керек – аптап ыстықтың орнын күрт суыту басады. 5 шілдеде солтүстік және орталық аймақтарда күндіз ауа температурасы 18-25 градусқа дейін төмендейді.