Әлеумет

Sergek жүйесі орнатылған дрондармен жол ережесін бұзғандар мен алимент төлемегендер іздестіріледі

Елордада Sergek жүйесі дрондарға да орнатылып жатыр. Бұл құрылғылар полицейлерге іздеу жарияланған көліктерді анықтауға көмектеседі, деп хабарлайды buginmedia.kz Sergek group компаниясына сілтеме жасап.

Sergek group-тың мәліметінше, Ішкі істер министрлігі, "Қазақтелеком" АҚ және компанияның әзірлеушілерімен бірігіп, Астана қаласында жаңа технологияларды сынақтан өткізуде.

Sergek жүйесі енді дрондарға орнатылып жатыр.

"Sergek жүйесімен интеграцияланған дрондарды қолдану нақты уақыт режимінде жол ережесін бұзғандарды, алимент төлемегендер мен борышкерлерді анықтауға, ақпаратты полиция планшеттеріне жылдам жеткізуге және сол арқылы құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттыруға жол ашады", - делінген хабарламада.

«Біз әрдайым жаңа технология эксперименттіне ашықпыз. Sergek жүйесімен жабдықталған дрондарды қолдану болашаққа қадам ғана емес, Қазақстанның IT саласы әлемдік деңгейдегі шешімдерді әзірлеп, іске асыра алатынының айқын мысалы», – деді Sergek Group компаниясының бас директоры Евгений Ким.