Жаңалықтар

Бұршақ, жаңбыр, шаңды дауыл: демалыс күндеріне ауа райы болжамы жарияланды

Синоптиктер 28-30 маусым аралығында ел аумағында ауа райы қандай болатынын болжады,  деп хабарлайды buginmedia.kz "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасап.

Синоптиктердің мәліметінше, республика аумағының басым бөлігінде ауа райына циклон және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөліктер әсер етеді. Жаңбыр, найзағай күтіледі, ал еліміздің батысында, солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында және орталығында бұршақ жауып, күшті жаңбыр болуы мүмкін. Тек республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында негізінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Сонымен қатар, желдің күшеюі болжануда, елдің оңтүстік өңірлерінде шаңды дауылдар болуы мүмкін.

"Ал ауа температурасына келсек, айтарлықтай өзгерістер күтілмейді. Күндізгі уақытта термометр бағандары батыс, солтүстік-батыс және солтүстік аймақтарда 18-28 градус жылыны, орталық және шығыс өңірлерде 20-33 градус жылыны, ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктерде 27-38 градус жылыны көрсетеді", - делінген хабарламада.