Түркістан облысында ағайындылар бір үйдің үш адамын өлтірген
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен аса ауыр қылмыс жасаған ағайынды жігіттің ісін қарады. Сотталушылар алдын ала сөз байласып, жиені мен жездесін ұрлап, бас бостандығынан заңсыз айырған. Содан кейін өлтіріп, денесін өзенге батырып жіберген, деп хабарлайды buginmedia.kz Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға былтыр 5 тамызда Түркістан облысы Шардара қаласының маңында Сырдария өзенінің жағасында түнгі уақытта болған. Сотталушылар бір топ адамдармен ала сөз байласуы арқылы жәбірленушілерді күш көрсетіп, бас бостандығынан айырған. Аяқ-қолын, көзін, аузын және тыныс алу жолдарын скотчпен байлап, кеуде тұстарынан бірнеше рет ұрған. Алған жарақаттың салдарынан жәбірленушілер қайтыс болған. Сотталушылар қылмысын жасыру мақсатында олардың мәйіттерін өзенге ағызып жіберген.
Түркістан облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі қылмыскерді беттестірген. "Беттестіру кезінде әпкесі олардың сөздерін көтере алмай көз жұмған. Яғни, бір үйден үш адамның қазасы", - дейді баспасөз қызметінің өкілі.
Айыпталушылар Қылмыстық кодекстің «Адамды ұрлау» бабы, «Бас бостандығынан заңсыз айыру» бабы және «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танылды. Шешімді алқабилер шығарған. Жасаған қылмыстың жиынтығы бойынша сотталушылардың бірі – 24 жыл 6 ай мерзімге, екіншісі 23 жылға бас бостандығынан айырылған.
«Жәбірленушінің азаматтық талап қою арызы ішінара қанағаттандырылды. Сотталушылардан ортақ тәртіпте моральдық зиян 30 миллион теңге, адвокатқа төленген 2.4 миллион теңге өндірілді»,- деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, үкім 10 маусым күні шыққан, ол әлі заңды күшіне енбеген.