Қазақстанда суперкомпьютер қашан іске қосылатыны белгілі болды
«Қазақтелеком» компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Мусин Қазақстанға келген суперкомпьютер маусымның соңында іске қосылатынын мәлімдеді, деп хабарлады buginmedia.kz.
Айтуынша, қазір монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.
«Біздің NVIDIA H200 негізіндегі суперкомпьютеріміз қазірдің өзінде елде. Жақында Алматыда – «Қазақтелеком» деректер орталығының алаңында монтаждау жұмыстарын бастаймыз. 10 күннен кейін ол дайын болады. Асыра сілтеусіз айтсақ… мықты зат: 6,7 миллион CUDA ядро, 1600 петафлоп және ондаған терабайт GPU жады», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Мусиннің түсіндіруінше, бұл суперкомпьютер:
техногендік апаттар мен қауіп-қатерді олар басталмай тұрып модельдеуге
қалалардағы трафикті алдағы жылдарға есептеуге
дәрігерлерге деректердің үлкен массивтері негізінде тезірек диагноз қоюға
қазақ тілін, мәдениетін, тарихын және қазіргі контекстін түсінетін үлкен тілдік модельдерді үйретуге көмектеседі.
Болашақта бұл суперкомпьютерді мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен корпоративтік тапсырыс берушілер пайдалана алады дейді «Қазақтелеком» компаниясының басшысы.
Бағдат Мусин «Қазақтелекомның» NVIDIA техноалпауытының Орталық Азиядағы алғашқы ресми серіктесі болғанын атап өтті.