Жаңалықтар

Атырауда директордың атынан 49 млн теңге жымқырған мектеп бухгалтері сотталды

Атырау қаласының №2 сотында алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде жымқырып, иемдену фактісі бойынша айыпталғанға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-тің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы), деп хабарлайды buginmedia.kz облыстық соттың ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, сотталушы 2023 жылдың маусым айынан бастап коммуналдық мемлекеттік мекеме – мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында - есепші, 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап - бас есепші болып қызмет атқарып, 2023 жылғы маусым - 2024 жылғы қазан айлары аралығында аталған мекеме директорының сеніміне кіріп, оның электрондық қолтаңбасын, «1С» және «Парус» жүйелерін заңсыз пайдаланған.

Осы жүйелердің көмегімен ол өзінің және сенімді адамдарының есепшоттарына негізсіз ақша аударған. Алаяқтық әрекеттері нәтижесінде ол 49 млн теңгеден астам мемлекет қаражатын жымқырған.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Сотталушының кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, маман, аудиторлық есеп қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен өз дәлелін тапты.

ҚК-тің 190-бабының 4-бөлігінің санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сотталушының жас балаларының болуы, шын ниетпен өкінуі –сотпен оның кінәсін жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды, ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
 

"Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған материалдық жауапкершілікпен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген ақпаратта.
 

ҚК-тің 74-бабының 1-бөлігі қолданылып, тағайындалған бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.