Қазақстанда 16 млн адамның жеке дерегі желіге тарап кеткен: министрлік не дейді?
Әлеуметтік желілерде азаматтардың жеке деректері тарады деген ақпаратқа байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, ұсынылған мәліметтердің шынайылығы мен өзектілігін анықтау мақсатында кешенді тексеру жүргізіп жатқанын мәлдімдеді.
"Алғашқы талдау бұл деректердің мемлекеттік емес, яғни жекеменшік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйелерден дербес деректердің таралуы немесе хакерлік шабуылдар нәтижесінде бұзылуы тіркелген жоқ. Тексеру толық аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасау немесе ақпараттың шынайылығын растау ерте.Егер азаматтың дербес деректері тараған мәліметтер арасында болса, ол туралы электрондық үкімет порталы (eGov) арқылы жеке кабинетіне хабарлама жолданады", - делінген ақпаратта.
Еске сала кетейік, бұған дейінгі осындай жағдайларда жарияланған деректер ескі ақпараттық базалардан – негізінен қызмет көрсету салалары мен микроқаржы ұйымдарынан алынған ескі мәліметтер болған.
Министрлік жағдайды жіті бақылауда ұстап отырғанын, қосымша ақпарат тексеру нәтижелері бойынша жарияланатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, кеше, 16 маусым күні желіде 16,3 млн қазақстандықтың жеке деректері таралып кеткені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы SecuriXy.kz тelegram арнасы бірінші болып хабарлады.
Телеграм арнаның мәліметінше, 16,3 миллион жазбаны қамтитын қазақстандықтардың жеке деректері бар CSV файл таралып кеткен. Ұрланған жазбалар арасында қазақстандықтардың мынадай деректері бар:
Аты-жөні;
Жынысы;
Туған күні;
ID идентификатор;
ЖСН;
Мобильді телефон;
Жұмыс телефоны;
Үй телефоны;
Азаматтығы;
Ұлты;
Мекенжайы;
Тұрғылықты мекенжайының расталғаны туралы ақпарат;
Тіркелген күні мен тіркеуден шыққан күні.
Бұл деректермен не істеуге болады?
Таралып кеткен деректер алаяқтар үшін оңай олжа. Арнаның мәліметінше, деректер 13 маусым күні жоғалған. Таралған деректердің дені жүйеге 2011 жылы енгізілген. Ұрланған мәліметтер арасында 2023-2024 жылдардың да деректері бар. Бұл деректерді алаяқтар қылмыстық мақсатта пайдалана алады.
«Таралып кеткен құпия жеке деректер арасында ЖСН және байланыс телефондары бар. Бұл өте қауіпті. Мұндай деректер фишинг, әлеуметтік инженерия, құжаттарды қолдан жасау, телефон алаяқтық үшін падаланылуы мүмкін», – деп ескертеді телеграм арна.