Жаңалықтар

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» бастығының орынбасары қамауға алынды

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы орынбасарының қылмысы әшкереленді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Антикордың хабарлауынша, соңғы үш жылда бұл салада 134 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, олар бойынша 57 адам сотталды.

Лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері азаматтардың сеніміне нұқсан келтіріп қана қоймай, медициналық қызметтердің тиімділігінің төмендеуіне және мемлекеттік қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына әкеледі.

Биыл маусым айында Орталық органның және оның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен сыбайлас жемқорлық схемасы ашылды.
 

"Осылайша, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары әшкереленді. Ол денсаулық сақтау субъектісіне халыққа медициналық қызмет көрсету үшін бөлінген 400 млн теңгеденастам қаражатты жүйелі түрде ұрлады деп күдіктелуде. Жымқыру медициналық ұйымның «Damumed» ақпараттық жүйесіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде Өскемен қаласының тұрғындарына көрсетілген қызметтер туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізу жолымен жасалды. Іс жүзінде медициналық қызметтер көрсетілмеді, отыз мыңнан астам «тіркеулер» анықталды. Сонымен қатар, ол жеке медициналық мекеменің кәсіпкерлік қызметіне заңсыз қатысып, Қордың жымқырған қаражатын, оның ішінде қымбат мүлікті сатып алу арқылы заңдастырды деп күдіктенеді.Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды", - делінген хабарламада.

Тергеу жалғасуда, шенеунік пен басқа адамдардың басқа қылмыстық эпизодтарға қатысуы тексеріледі.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.