Жаңалықтар

БҚО-да жер үй өртеніп, бір үйдің бес баласы қаза тапты

Батыс Қазақстан облысындағы ауылда бес бала көмірқышқыл газынан уланып, көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 4 маусымда күндіз Сырым ауданындағы Жымпиты ауылында болған, деп хабарлайды buginmedia.kz "Мой город" басылымына сілтеме жасап.

Алдын ала болжам бойынша, бес бала көмірқышқыл газынан уланып көз жұмған.

"Балалардың барлығы ес-түссіз күйде жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер бар күш-жігерін салғанымен, балаларды аман алып қалу мүмкін болмады", — деп хабарлады Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Кейін Сырым ауданының әкімдігі сағат 15:00 шамасында Жымпиты ауылында тұрғын үй өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскенін мәлімдеді. Улану белгілері бар бір жастан алты жасқа дейінгі бес бала өрт орнынан ес-түссіз күйде аудандық ауруханаға жеткізілген. Бір отбасының бес баласы да ес жимастан ауруханада көз жұмды.

Отбасы жалдамалы пәтерде тұрған. Өрт кезінде балалардың ата-анасы жұмыста болған.

Өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы қаза тапқан балалардың ата-аналары мен жақындарына көңіл айтты.

Облыс басшысының айтуынша, өңір әкімінің орынбасары, аудан әкімі оқиға болған орынға барып, барлық қызметтердің жұмысын үйлестіріп жүр.

«Әкімдік тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі: жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық көмек көрсету, баспанамен қамтамасыз ету және өзге де әлеуметтік қолдау шаралары», – деп жазды Төреғалиұлы.

Оның айтуынша, қазір бұл ауылда ТЖД мамандары, полиция департаментінің қызметкерлері, медицина қызметкерлері және басқа да тиісті қызмет өкілдері жұмыс істеп жүр. «Жағдай менің жіті бақылауымда» деп жазды әкім.