Мемлекеттік айыптаушы Шерзат ісіндегі екі қыздың әрекетін қайта тексеруді сұрады
Жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай Шерзат Полат қаза тапқан түні болған оқиғаларды жасырып, жалған айғақ бергендерді қайта тексеруді сұрады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Прокурордың мәлімдеуінше, Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелді қылмыс болған сәтте шок жағдайында болғандарын, кейбір жағдайды көрмегендерін, полицияға хабарлауға мүмкіндіктері болмағанын, қорыққандарын, «қалта телефондары сөмкеде, ал сөмкелері автокөлікте қалғанын» айтқан.
"Алайда тергеу барысында алынған деректер мен бейнематериалдар бұл мәлімдемелерді толығымен теріске шығарады. Тойота Прадо автокөлігінен алынған бейнежазбаға сәйкес, оқиғадан кейін олар өздерін еркін, дөрекі, ең бастысы - қанды қырғынға қарамастан, ешбір уайымсыз сотталушылармен бірге көңілді отырғандары байқалады. Бұл олардың шок жағдайда болмағандарын, керісінше, жағдайды саналы түрде бақылап, тіпті қасақана үнсіздік танытқандарын айғақтайды», - деді прокурор.
Дана Сәрсенбайдың айтуынша, олар болған оқиғаны жасырып, сотта жалған сөйлеген.
«Куә тек шындықты айтуы тиіс, куә әділеттің көзі болуы тиіс. Сот алдында жалған куәлік беру немесе маңызды ақпаратты жасыру - бұл заңдық жауапкершілікке алып келетін әрекет. Аталған мән-жайлар тиісті тексеруді жүргізу және процессуалдық шешім қабылдауды талап етеді. Сондықтан осы фактілерді тексеру үшін Алматы облысы Полиция департаментінің атына жеке қаулы шығару қажет», - деді мемлекеттік айыптаушы.