“Көпбалалы аналардың беделін арттыру үшін өмір бойы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады, ол табысына қарамастан, "Күміс алқа" және "Алтын алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған әйелдерге төленеді. Бүгінгі таңда 242 мың көпбалалы ана жәрдемақы алады, оларға 25,9 млрд теңге төленді."Алтын алқа" алған аналарға өмір бойына 29 мың теңге, "Күміс алқа" алған аналарға 25165 теңге төленеді”, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Балалардың әл-ауқаты – мемлекеттің қамқорлығы» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында.
Сондай-ақ, Асқар Аймағамбетов 4 және одан көп кәмелетке толмаған баласы немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері туралы да айтып берді.
"Төлем мөлшері балалар санына қарай сараланды: 4 бала – 63 030 теңге, 5 бала – 78 798 теңге, 6 бала – 94 565 теңге, 7 бала – 110 332 теңге, 8 және одан да көп бала – әр балаға 15 728 (4 АЕК) теңгеден. Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға орта есеппен 176 млрд теңгеге 611,5 мың отбасы жәрдемақы алды", – деді ол
Айтуынша, көпбалалы отбасылардың жәрдемақысына биыл 554 миллиард теңге қарастырылған.