"Артында бір қыз тұр": 21 жастағы Ақнәрдің 7 қабаттан құлаған сәті видеоға түсіп қалған
Белгілі журналист Руслан Өтепбай 7 қабаттан құлап көз жұмған Ақнәр есімді бойжеткеннің өліміне қатысты тың деректі жариялады,деп хабарлайды Buginmedia.kz.
“2024 жылдың 20-шілдесінде көпқабатты тұрғын үйдің 7 қабатынан Ақнәр есімді бойжеткен құлап кетеді. 21 жастағы Ақнәр секіріп кете ме, әлде шарасыз қызды өзге біреу қасақана итеріп жібере ме? Ақнәр 7 қабаттан 02:54 шамасында құлайды. Сол сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жазбаны максималды түрде үлкейттік. Видеоға қарасақ терезенің қасында тұрған қыздың мүсінін байқауға болады. Ол қыз Ақнәрдің артында не істеп тұр? Жұмбақты таяуда шешеміз”, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ журналист оқиғаның қалай болғанын баяндап, марқұм қыздың қасында екі құрбысы болғанын айтады.
“20:44:-те Ақнәр мен Ранна лифтке кіреді. Лифттен 20:45-те шығып, Дидар деген қыздың пәтеріне барады. Арада 6 сағат өткен соң, түнгі 02:00-де Ақнәрдің телефонынан анасына қоңырау түседі. Анасы қайта хабарласқан кезде тұтқаны ешкім көтермейді. Ал 02:30-да Ақнәрдің нөмірінен бейнежазба келеді. Видеода Ақнәр жерде жатады, үстінде Ранна деген қыз әлденені айтып, қолдарын қысып алған. Видеоны таспалаған үшінші қыз. Есімі Дидар. Видеоны көрген анасы Ақнәрға қайта-қайта қоңырау шалады. Ешкім көтермейді. Туыстары да хабарласады. Жауап болмайды. Екі қыздың біреуі жедел-жәрдемге үш рет қоңырау шалады. Жедел-жәрдемге келіп түскен байланыс бойынша мәтіні мынадай: бір қыз есінен танып жатыр! Содан 02:52-де Ақнәрдің телефонынан анасына тағы бір видео келеді. Видеода бір қыздың шыңғырған даусы естіледі. Араға 2 минут салып, 02:54-те Ақнәр жерге құлайды. Ал қыздар түк болмағандай пәтердің ішінде отыра береді”, – деп жазған ол.
Dalanews.kz жазуынша, өткен аптада Алматыда былтыр жетінші қабаттан құлап көз жұмған Ақнәр Хамиттің туыстары оның өліміне қатысты тергеу әділетсіз жүргізіліп жатқанын айтып, шағымданған.
Алматыда 2024 жылы 20 шілдеде Ақнәр Хамит көпқабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан құлап, қайтыс болған. Тергеу бұл оқиғаны "өзін-өзі өлтіру" бабымен тіркеген. Алайда жақындары Ақнәрдің жетінші қабаттан құлап кеткеніне сенбейді. Олардың сөзінше, марқұм қаза болғанға дейін денесінде азаптау белгілері болған.
"Бірақ полиция тергеу кезінде оны іс материалдарына қоспаған", – дейді олар.
Алматы тұрғыны Гүлістан Хамит былтыр биіктен құлап көз жұмған қызы Ақнәрдің қазасын тергеуді жеделдетуді сұрайды. Ол "Ақнәрді таныс қыздары әбден азаптап, жетінші қабаттан лақтырып жіберген" дейді. Оқиғадан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де күдікті жоқ.
“14 мамырда Алматы қалалық Полиция департамент іс "ерекше бақылауда", - деп хабарлады.
Ақнәр Хамит Қытайдан Қазақстанға көшіп келген отбасынан шыққан, өнерлі әрі білімді бойжеткен болған. Ол КИМЭП университетінде оқыған, бірнеше шет тілін меңгеріп, халықаралық компанияларда жұмыс істеген. Музыка мен кино саласында да танылған. Белсенді, арманы асқақ, еңбекқор қыз болғанын достары мен ұстаздары еске алады.
Қайғыдан қан жұтқан анасы Ақнәрдің өліміне байланысты қылмыстық істің "Өзін-өзі өлтіруге жеткізу" емес, "Адам өлтіру" және "Азаптау" баптары бойынша қайта саралануын талап етіп отыр. Ол ІІМ-ге, Бас прокуратураға, Президент әкімшілігіне бірнеше мәрте хат жолдап, істің әділ қаралуын сұраған.