Жаңалықтар

Ыстанбұл маңында 6,2 балдық жер сілкінісі болды: министрлік мәлімдеме жасады

Ыстанбұл маңында магнитудасы 6,2 балл жер сілкінісі болып, артынан афтершоктар жалғасып жатыр. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Түркиядағы отандастарымызға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Buginmedia.kz.

Қазіргі уақытта Түркия аумағындағы Қазақстан азаматтарынан Ыстанбұл қаласындағы ҚР Бас консулдығына өтініштер түскен жоқ.

«Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Түркия билігімен және Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерімен бірлесіп ахуалдың дамуын қадағалауда. Ыстанбұл қаласындағы ҚР Бас консулдығының консулдық есебінде 1137 Қазақстан азаматы тіркелген», - деп жазылған хабарламада.

Ведомство отандастарымызды сабырлық және қауіпсіздік шараларын сақтауға, сондай-ақ жергілікті билік органдарының нұсқауларын мүлтіксіз орындауға шақырды.

Еске сала кетейік, жер асты дүмпулерінің бірі шамамен 10 секундқа созылып, қала тұрғындары қатты қорыққан.