Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров төрт құрлық чемпионатында алтын медаль иеленді
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен Төрт құрлық чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды buginmedia.kz Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Михаил Шайдоров қысқа бағдарламадан кейін көш бастап, өзінің артықшылығын сақтап қалды. Еркін бағдарламасы үшін 190.37 ұпай алып, жалпы көрсеткіші 285.10 балл болды», — делінген хабарламада.
Екінші орынды Оңтүстік Корея спортшысы Ча Джун Хван иеленсе (265.02 балл), үшінші орынға АҚШ өкілі Джимми Ма тұрақтады (245.01 балл). Қазақстанның тағы бір спортшысы Диас Жиренбаев 166.34 балмен 19-орынға жайғасты.
Айта кету керек. Михаил Шайдоров – бұл турнирде жеңіске жеткен екінші қазақстандық спортшы. Бұған дейін 2015 жылы дәл осы Сеул қаласында Денис Тен Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы атанған болатын. Ал 2019 жылы Элизабет Тұрсынбаева күміс медаль еншілеген еді.