Әлеумет

"Ортаға бейімделетін жағдайда болды": вице-министр баланы пышақтаған жасөспірім туралы айтты

Елордада 5 жасар баланы лифтіде пышақтаған жасөспірім қазір дәрігерлердің бақылауында. Оның жағдайына қатысты толығырақ Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ержан Нұрлыбаев айтып берді, деп хабарлайды buginmedia.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"Жасөспірім стационарда болғанда тағайындалған ем тиімділігін көрсетті, ешқандай күдік тудырған жоқ, біз бақылауда ұстадық. Теріс әсері байқалмады, жасөспірімді бөлек ұстаудың қажеттілігі болмады. Ортаға бейімделетін жағдайда болды. Жасөспірімді стационардан шығарғаннан кейінгі жағдайына қатысты қазір комиссия жұмыс істеп жатыр", — деді Ержан Нұрлыбаев Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Вице-министрдің айтуынша, тыңғылықты зерттеуден кейін жасөспірімнің жағдайына қатысты ақпарат ұсынылады. 

Сондай-ақ, жасөспірімді стационардан былтыр жыл соңында немесе биыл жыл басында шығарған. 

"Жасөспірімнің ата-анасын айыптамаймын, бірақ стационардан шығарғаннан кейін дәрі-дәрмекті уақтылы қабылдау, басқа да режимге ата-ана немесе қамқоршы жауапты. Пациент стационардан шыққан кезде біз және қамқоршы теңдей жауаптымыз. Қазір жасөспірім дәрігерлердің бақылауында, оның жағдайында қауіп жоқ", — дейді ол.

Айта кетсек, лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімді жалғызбасты ана тәрбиелеп отырғаны белгілі болды.