Әлеумет

Алматы облысының бұрынғы әкімі Аңсар Мұсаханов қайтыс болды

Мемлекет және қоғам қайраткері, сенаттың экс-депутаты, Алматы облысының бұрынғы әкімі Аңсар Мұсаханов өмірден өтті, деп хабарлайды buginmedia.kz 

Қаралы хабарды Алматы облысының әкімдігі растады.

Сенатор Жанболат Жөргенбаев әлеуметтік желіде жазба қалдырды.

— Қоғам және мемлекет қайраткер, ардақты азамат, асыл дос Мұсаханов Аңсар Тұрсынханұлының дүниеден озуына байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Осындай ауыр күнде қаралы көңілдеріңізге жұбаныш, қайысқан қабырғаларыңызға медет тілеймін, — деп жазды ол. 

Аңсар Мұсаханов 1966 жылы 31 шілдеде Алматы облысында туған. Алматы мал дәрігерлік институтын, Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген, мамандығы бойынша — мал дәрігері, мемлекеттік және жергілікті басқару менеджері. Еңбек жолын Күрті ауданындағы «Құйған» кеңшарында қарапайым жұмысшы болып бастады.

Алматы облысының мемлекеттік басқару органдарында басшы лауазымдарда қызмет атқарды.

2003-2005 жылдары — Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қарасай аудандық аумақтық басқармасының бастығы болды.

2005-2006 жылдары — Іле ауданы әкімінің орынбасары. 2006-2009 жылдары — Жамбыл және Қарасай аудандарының әкімі болды.

2009-2010 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.

2010-2011 жылдары — Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Ол Алматы облысын 2011-2014 жылдар аралығында басқарды.

Еске сала кетейік, А. Мұсаханов Сенат депутаттығына 2014 жылы Алматы облысынан сайланған болатын.

 https://kaz.inform.kz/news/almati-oblisinin-buringi-akm-ansar-musahanov-omrden-ott-dfdca2/