Ақтөбеде 22 қалыңдық жасаусыз қалды
Ақтөбеде 22 қалыңдықтың жасау жиһазы жоқ болып шықты, деп хабарлайды buginmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл жағдай жауапсыз кәсіпкердің салдарынан болды.
Жиһаз сатып алу үшін алдын ала төлем жасаған ата-аналар той күні ешқандай жиһаздың жеткізілмегенін аңғарған. Тек каталогта бар жиһаздардың жеткізілмейтіні белгілі болған. Қалыңдықтардың ата-аналары жиһазды әлеуметтік желі арқылы тапқан. Тауар сатушысына толық төлем жасап, қыркүйекте жеткізілетін жиһазды күткен. Алайда той өткенмен, жиһаз әлі келмеген.
«Витринада бір ғана жиһаз тұрды, ал қалғаны тек суретте болды. Бізге ұнаған жиһазды көрсетіп, төлем жасадық. Ақшаны толық ақпан айында төлеп, қыркүйекте жеткізу керек еді, бірақ әлі де күтіп отырмыз», – дейді жәбірленуші Кәмшат Сағандықова.
Кейбіреулер екі рет төлем жасауға мәжбүр болған. Олар қонақтарға той кезінде жасау келе жатыр деп айтқанымен, жиһаз келмеген. Ал сатушы әлі күнге дейін тек уәдемен «қарық қылып» жүр.
Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. 39 жастағы кәсіпкерге аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылған. Алайда іс уақытша тоқтатылды, себебі кәсіпкер жиһазды Ресейден тапсырыс бергенін айтып, тауардың кешігуін сол жақтағы серіктестеріне сілтеген.
Зардап шегушілер жалпы шығын көлемі 14 миллион теңгеден асқанын хабарлады. Сонымен қатар, жаңа арыздар түсіп жатқандықтан, шығын сомасы әлі де көбеюі мүмкін.