Ипотеканы жабуға көмек бар: агенттік мәлімдеме жасады
Қазақстанда 2015 жылдан бері қарыз алушылардың баспанасын сақтап, борыш жүктемесін едәуір төмендетуге бағытталған ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бар, – деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бағдарламаны іске асырудың арқасында мемлекеттің проблемалық ипотекалық қарыздарды жылына 3%-дан аспайтын жеңілдетілген мөлшерлемемен қайта қаржыландырудағы жалпы сомасы 318,2 млрд теңге болатын көмегі 48,4 мың адамға берілген. Шетел валютасындағы қарыздар Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамымен (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге)
Бағдарлама шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауды күшейту мақсатында борыш жүктемесін азайту, сондай-ақ банктердің балансындағы жалғыз баспананы меншікке қайтару түрінде қосымша қолдау шаралары іске асырылды. Мемлекеттің көмегін 10,6 мың қарыз алушы алған.
Бағдарламаны іске асырумен қатар агенттік ипотекалық қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық түзетулер әзірлеп, қабылдады. Бағдарламаны және агенттіктің заңнамалық бастамаларын іске асыру нәтижесінде проблемалық ипотекалық қарыздардың үлесі 0,7%-ға дейін төмендеген.
Мемлекет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында банктер ай сайын есептер беруге міндетті. Бұдан басқа, бағдарламаны іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін еліміздің барлық өңірінде Ипотекалық қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Олардың құрамына ипотекалық қарыз алушылардың мүдделерін білдіретін қоғамдық бірлестіктердің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, Агенттіктің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кіреді.
"Әлеуметтік желілерде ықтимал қаржылық бұзушылықтар, атап айтқанда, бағдарламаны іске асыру кезінде қаражатты жымқыру туралы таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", – делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.
Агенттік ресми ақпарат көздеріне сенуге кеңес береді.