Жаңалықтар

«Несие алғызып, қылқындырып өлтіріп, қарға көмген»: Алматыда екі айдан аса іздеуде болған қыздың мәйіті табылды

Алматыда екі айдан аса іздеуде болған бойжеткеннің мәйіті табылды, деп хабарлайды buginmedia.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Полицейлердің мәліметінше, оны жақын араласқан 19 жастағы жігіт қылқындырып өлтіріп, денесін айдалаға тастап кеткен.

Тергеу барысында күдікті өз кінәсін толық мойындап, марқұмды бұрын несие алуға мәжбүрлегенін де айтқан. Оның сөзінше, Айша несие ақшасын қайтармайтынын айтып, ата-анасы мен полицияға шағымданатынын жеткізген. Сол сәтте күдікті оны пәтерде өлтірген.

Марқұмның қазасы Қырбалтабай ауылының жұртшылығын дүр сілкіндірді. Таң атысымен ауыл тұрғындары Айшаны ақтық сапарға шығарып салуға жиналды.

Марқұмның әпкесі Әсия Хамиттің айтуынша, күдікті жігіт оны алдымен тұншықтырып өлтіріп, кейін денесін полиэтиленге орап, сөмкеге салған. Содан соң мәйітті Кеңсай зираты маңындағы саяжайлардың біріне апарып, қарға көміп тастаған.

Айша күдіктімен жазда TikTok желісі арқылы танысқан. Ол сырқат әпкесін емшіге көрсетпек болып, әлеуметтік желіде іздеу жүргізген. Сол кезде алаяққа тап болып, оның көмекшісі ретінде жүрген күдікті жігітпен сөйлесе бастаған.

Марқұмның нағашысы Табиғат Әлібектің айтуынша, 60 келідей болатын мәйітті жалғыз өзі тасымалдау күдіктінің қолынан келмейтінін ескерсек, бұл іске басқа да адамдардың қатысы болуы мүмкін деген күдік бар.

Айша аудандық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Жанұясының негізгі асыраушысы да өзі болған.

«Бұрын-соңды ештеңеге тіркелмеген, жаман жүрісі жоқ. Бетінде ұяты бар, аузында иманы бар мықты қыз еді», – дейді марқұмның жеңгесі Мүлік Фатигүлқызы.

Қазір 19 жастағы күдікті қамауға алынды. Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, қылмыстық іс "Адам өлтіру" бабы бойынша тергеліп жатыр.

Марқұмның денесінде зорлық белгілерінің бар-жоғы сот-медициналық сараптама нәтижесінде анықталмақ. Ал қара жамылған отбасы қылмысқа қатысы бар өзге де адамдардың табылып, лайықты жазасын алуын талап етуде.