Ақпанға ауа райы болжамы жарияланды
"Қазгидромет" синоптиктері ақпан айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың айтуынша, бұл айда ауа температурасы күрт өзгеріп, күн райы құбылмалы болады, – деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ақпан айының басында солтүстік-батыс циклонының әсерінен ауа райы құбылмалы болып, қар, көктайғақ және жаңбыр күтіледі. Елдің солтүстік жартысында бұрқасын болуы ықтимал. Республика бойынша жел екпіні күшейіп, тұман түседі, көктайғақ болады.
Қазақстанның басым бөлігінде ақпанның алғашқы күндерінде ауа температурасы жоғарылайды:
батыста және оңтүстікте күндіз 0+10°С дейін;
елдің солтүстік жартысында түнде -2-7°С дейін, күндіз -4+1°С дейін;
шығыста және орталықта негізгі температуралық фон түнде -12-20°С, күндіз 0-8°С жылы болады деп болжануда.
Алғашқы онкүндіктің екінші жартысында республикада Салехард облысынан келетін суық антициклонның әсерінен ауа температурасы төмендейді:
елдің солтүстік жартысында түнде -28-35°С дейін, күндіз -20-25°С дейін;
Қазақстанның оңтүстік жартысында түнде -13-20°С, күндіз -5-12°С дейін, таулы аймақтарда және оңтүстік облыстардың солтүстігінде түнде -30°С дейін, күндіз -20°С дейін.
Консультациялық болжамға сәйкес, ақпанның екінші және үшінші онкүндігінде аяздың беті қайтып, қар жауып, тұман түседі, көктайғақ күтіледі. Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы тауларда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болуы мүмкін.
Сондай-ақ алдағы күндері суық антициклондардың әсерінен де ауа температурасы төмендейді:
республиканың солтүстік жартысында және орталығында түнде -25-35°С дейін, күндіз -15-25°С дейін;
елдің оңтүстік жартысы мен оңтүстік-батысында түнде -12-22°С, күндіз -3-15°С дейін.
Ал циклондық белсенділік кезеңдерінде ауа температурасы жоғарылайды деп күтілуде:
елдің солтүстік жартысында күндіз -5+3°С дейін,
елдің оңтүстік жартысы мен оңтүстік-батысында күндіз +5+15°С дейін.