13 жасар қызды ерлікпен құтқарған полицей жол апатынан көз жұмды
Абай облысында жол апатынан полиция қызметкері көз жұмды, деп хабарлады buginmedia.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 18 қазанда республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» тасжолында болған.
«Үш көлік соқтығысты. Салдарынан 3 адам қаза болды. Оның ішінде Семей қаласының полиция аға сержанты Асхат Ахатов бар», - делінген ақпаратта.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Барлық мән-жай анықталып жатыр.
«Полиция департаменті марқұмдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Еске салсақ, көз жұмған полицей биылғы наурыз айында қылмыскерден пышақ жарақатын алып, қызды батылдықпен құтқарып қалған», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осы жылдың наурыз айында Семейде ер адам кішкентай қызды аңдып, оны құтқармақ болған полицейге үш рет пышақ сұққан болатын. 13 жасар қызды ерлікпен құтқарған Асхат Ахатов болатын. Ол қоян-қолтық ұрыс дағдыларын қолданып қаскөйдің пышағын тартып алған.