Белгілі ақын қайтыс болды
Белгілі ақын әрі журналист Серік Боқан қайтыс болды, деп хабарлады buginmedia.kz
Қаралы хабарды ақын Тоқтарәлі Таңжарық жеткізді. Ол Facebook-тегі парақшасына әріптесіне арнап жазба жариялап, марқұмның көп өлеңі жоғалып кеткенін айтты.
"Кешір, Секе!.. Ақын досымыз Серік Боқан қаза болыпты. Мына өмірде ешбір ереже мен тыйымға бағынуға болмысы сай келмейтін жандар болады. Секең, Серік Боқан сондай жан еді. Ол бұл өмірдің қулық-сұмдығын үйрене алмай-ақ кетті. Басын тауға да, тасқа да ұрды. Ақыры діннен марқадам тапты... бәлкім, таппады. Өзін көп іздеді. Өзін сыйлайтын ортаны көп іздеді. Жолы болмады. Үнемі тығырыққа тіреле берді. Өзі де менің алдымнан бір кетпелтек томар кетпейді деуші еді. Шынымен тап-таза еді. Тез жараланғыш еді. Онысын білдірмейтін. Өзін дәлелдегісі келетін. Дәлелдей алмады!" - деп жазды Тоқтарәлі Таңжарық.
Серік Боқан «Жас қазақ үні» газетінде, «Үн» журналында қызмет атқарған. Біраз жыл бойы «Асыл арна» телеарнасында тілші болған.