Жаңалықтар

Оралдан ұшып шыққан FlyArystan ұшағы бір топ құсқа соғылған: желіде қорқынышты суреттер тарады

26 қаңтарда Орал - Астана бағыты бойынша FlyArystan FS 7366 әуе компаниясының рейсін орындаған ұшақ Орал қаласының әуежайынан ұшқан кезде құстармен соқтығысқан, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ұшақ жүйелері мен қозғалтқыштарының жұмысында ауытқулар болмағандықтан, экипаж ұшуды жалғастырып, Астана қаласының әуежайына штаттық режимде қонады. 

"Ұшақ келгеннен кейін сол қозғалтқыштағы компрессор қалақшалары мен фюзеляжда көптеген зақымданулар анықталды. Сондай-ақ құстардың қалдықтары қозғалтқышта және басқа жерлерде табылды. Орал әуежайында осындай оқиғаларды болдырмау мақсатында құстардың түрлерін анықтау үшін ДНК-тестілеуге жіберіледі", - делінген Air Astana компаниясының хабарламасында.

Хабарламада көрсетілгендей, 2024 жылы құстармен соқтығысу дерегі 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға көбейген. Атап айтқанда, Air Astana компаниялар тобы 203 оқиға тіркепті. 

Айта кетейік, Ақтаудағы әуе апатынан кейін елдегі ұшақ сапасына назар аударыла бастады. Депутаттар саладағы кемшілікті атап, әуе компанияларындағы шикілікті ашық айтып жатыр.