«13 көлік пен 75 миллион теңге тәркіленді»: Шымкентте ерлі-зайыпты 11 жылға сотталды
Қаржы мониторинг агенттігінің Шымкенттегі департаменті жалған арақ өндіріп, оны сату арқылы қыруар ақша тапқан ерлі-зайыптыны қолға түсірді. Сол оларды бірге алғанда 11 жылға соттады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Дереккөзге сүйенсек, олар 2022 жылдан бастап қолдан жасалған акциз маркаларын және этил спиртін пайдаланған. «Өнімдерін» Шымкент қаласында ғана емес, сондай-ақ көршілес Түркістан және Жамбыл облыстарында да сатқан.
«Олардың жасырын цехын тінту кезінде 9 мың литрден астам этил спирті, 24 мыңнан астам жалған акциз маркалары, әртүрлі маркалы дайын алкоголь мен 75 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат тәркіленді. «Follow the money» принципі бойынша жүргізілген қаржылық тергеу нәтижесінде жасырын цехтың 309 млн теңгеден астам сомадағы барлық қылмыстық кірістері анықталды», - деп хабарлайды ҚМА-ның баспасөз қызметі.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа олар жалпы құны 234 млн тенге болатын 13 қымбат көлік («Toyota Land Cruiser 300», «ZEEKR 001», «KIA K8», «Hyundai Grandeur», «VOLVO» және т.б.) сатып алған.
«Көліктерінен айырылып қалмау үшін олар кейбіреуін туыстарының атына жаздырған. Сот үкімімен аталған тұлғалар заңсыз кәсіпкерлік (ҚК 214-бабының 2-бөлігі, 2-тармағы), акцизделетін тауарлардың таңбалау тәртібі мен ережелерін бұзу (ҚК 233-бабының 2-бөлігі), қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру (ҚК 218-бабының 3-бөлігі, 3-тармағы) бойынша кінәлі деп танылды. Сот оларға 5 және 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - деп хабарлайды ҚМА.
Мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен тапқан қаражатқа сатып алынған 13 көлік пен 75 миллион теңге тәркіленген.