Әлеумет

Бір адамның 82 тісі «емделген» - депутат МӘМС-тегі былықтар туралы айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кемшіліктері туралы айтты,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

"МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісі қанқұрттан емделген. Бес айында тісі шықпаған баланы қалай емдеуге болады? Басқа бір адамның 82 тісі емделген, соған қаражат төлесін деп қорға есеп берілген. Сосын бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. МӘМС қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен «қосып жазуға» итермелейді. Себебі қаражат әр емделген жағдайға емес, әр қызметке төленеді", - дейді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, жүйеде нормативтер мен цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен стандарттар анық емес.

"Тағы бір дәлел, бұрын остеохондрозды рентгенсіз де анықтайтын. Кейін рентген қолданыла басталды. Жарайды, дұрыс. Ал енді қазір остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, одан кейін КТ, сосын МРТ және басқа да қосымша тексерулер тағайындалады. Бұның бәрі ақша табудың «заңды» жолы. Себебі айтпаса да түсінікті. Неғұрлым көп қызмет көрсетілсе, клиника соғұрлым көп пайда табады. «Осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма?» деген ойда қаласың", - дейді Мәжіліс депутаты.