Ақтөбелік әйел жоғалған ағасын 2 айдан кейін зираттан тапқан
Ақтөбелік Жанат Иманғалиева туған ағасының қазасы туралы 2 айдан кейін білген, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ол 51 жастағы ер адамның суға батып кеткенін айтты.
Nur.kz порталының хабарлауынша, Жанат Иманғалиева бауырының 2 ай мәйітханада жатқанын білмеген. Оның айтуынша, полиция қайтыс болған бауырын ешкімге ескертпей жерлеп тастаған.
«Ағам 26 маусымда қайтыс болған. Оны 11 қыркүйекте Заречный ауданындағы полиция бөлімшесіне барғанымда естіртті. Оған дейін хабарсыз кеткен. Таныс, білетін адамдардан сұрастырсақ та хабар ала алмаған едік. 26 маусымда суға кетіп қайтыс болған екен. Мен қатты ашуландым. Екі жарым ай бойы неге хабар бермеген? Олар «үйіне бардық, ешкім болған жоқ» деп түсіндірді. Негізі үйге хабар айтып адам келмеді. Бұл қалай болды деп сұрағанымызда полицейлер ағамның Қарғалы өзеніне екі адаммен суға түсуге барғанын, сараптама оның бойынан 3 пайыз алкоголь анықтағанын, суға батып кеткенін айтты. Қасындағылар сол жерде полиция қызметкерлерін, құтқарушыларды шақырған. Үш сағаттан кейін шығарып, кейін мәйітханаға апарған. Денесінен зорлық-зомбылық белгілерін анықталмағанын айтты. Осы екі айдың ішінде учаскелік полиция, не тергеуші бізге келген емес», - деді Жанат Иманғалиева.
51 жастағы ер адам жалғыз тұрған көрінеді. Ажырасқан. Анасы мен қарындасы тұратын үйге он күнде бір келіп жүрген.
«Оның өмірден өтіп кеткенін естігенімізде төбемізден жай түскендей болды. Туыс-тумаларын іздеместен, қаңғыбас адам секілді жерлеп тастаған. Полиция мойындап, кешірім сұрады. Ағамды бауырластар зиратына басына нөмір жазып, жерлеп тастаған. Журналдарына ағамның аты-жөнін Жақаев Аман Тыныштықұлы деп толық жазған. Біз полицияға 11 қыркүйекте бардық. Ал ағам 6 қыркүйекте жерленген. Бір аптаға кешігіп қалыппыз. Мен наразымын. Полиция департаментіне анамды ертіп бардым. Бізге ішкі тексеріс болады деп түсіндірді. Мен бұл жағдай бойынша прокуратураға да шағым түсіремін. Бауырластар зиратына қойылған ағамның басына құлыптасын қойып, айналасын қоршадық. Садақасын бердік», - дейді марқұмның қарындасы.
Ал Ақтөбе облыстық ПД өкілдері аталған жағдайға қатысты ішкі тексеріс жүретінен хабарлады.
"Аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр, нәтижелері бойынша шешім қабылданады", - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі.