Әлеумет

«Жын шығарушы» емшіге сертификат берген мекеменің өзінің лицензиясы жоқ: тағы бір шындықтың беті ашылды

«Сақтар» рухани халықтық медицина орталығына медициналық қызмет көрсету лицензиясы әлі күнге дейін берілмеген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мәлімдеді,  деп хабарлайды buginmedia.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Осыған дейін кішкентай балалардың ішінен жын шығарып, емдеп жүрген атыраулық емші Кейқуат Оспановтың бейнежазбалары жария болып, қоғамды дүрліктірген еді. Видеолардың бірінде емші 5 жасар қыздың, енді бірінде 12 жастағы баланың тамағын қылқындырып, «жынмен сөйлеседі». Қиналған балалар ағыл-тегіл жылап жатты. Емшінің өзі мұндай емдік шараларды жүргізуге «Сақтар» рухани халықтық медицина орталығынан лицензия алғанын, оның үстіне ертеректе Атырау мешіттерінде кезекші молда болып істегенін айтқан. Алайда оның емші деген сертификатының ғана бары және мешітте имам емес, күзетші болып болып жұмыс істегені анықталды.

Редакция тақырыпты одан әрі зерттемек болып, «Сақтар» рухани халықтық медицина орталығына хабарласты. Аудиохат арқылы сөйлескен ер адам журналистке өзінің аты-жөнін айтудан дөрекі түрде бас тартты. Аноним мекеме өкілі орталықтың лицензиясы бар екенін растады және Кейқуат Оспановқа сертификат қана табыстағанын айтты. Бұған дейін экс-молда Кейқуат Оспановтың емшілік жасауға лицензия алдым деген сөзін теріске шығарды.

Анықталғандай, «Сақтар» рухани халықтық медицина орталығының өзінде медициналық қызмет көрсету лицензиясы жоқ болып шықты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, емшілік әдістерін қолдану кезінде адам денсаулығына зиян келтірген тұлға заң алдында жауап беруге тиіс. Ендеше баланың тамағынан қысып, қинап емдеу әдісінің физикалық және менталды денсаулыққа зияны жоқ деп айтуға бола ма?

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 132-бабында денсаулық сақтау саласындағы дәстүрлі медицина және емшілік терминдері айқындалған. Емшілік - емшілік құралдар, тәсілдер, дағдылар туралы эмпирикалық мәліметтердің жиынтығы және денсаулыққа әсер ету мақсатында оларды практикалық қолдану. Екі және одан көп адамды тарта отырып, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, емшілік сеанстарын жүргізуге тыйым салынады. Емшілік әдістерін қолдану кезінде адамның денсаулығына зиян келтірген адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады», - делінген министрліктің мәлімдемесінде.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес медициналық қызмет лицензиялауға жатады және лицензиялауға жататын медициналық қызметтің кіші түрлері «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған.

«Медициналық қызметке лицензия заңды, жеке және жеке медициналық практикамен айналысатын тұлғаларға беріледі. Ол үшін оларға бірнеше талап қойылады.

1) санитариялық қағидаларға сәйкес келетін үй-жайлардың болуы, лицензияны алғанға дейін санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болуы қажет;

2) мамандар:

 маманның тиісті мамандық бойынша сертификаты болуы;

мәлімделген медициналық қызметтің кіші түрлері бойынша соңғы 5 жылда біліктілікті арттыруы;

3) медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес жұмыс істейтін медициналық және арнайы жабдықтардың, аппаратуралар мен аспаптардың, жиһаздың, көлік және басқа да құралдардың болуы;

Нысан санитарлық ережелерге сәйкес болуы керек.

Осылайша, медициналық қызмет лицензиялауға жатады, белгілі бір денсаулық сақтау объектісінде жүзеге асырылатын қызметке лицензия беріледі. Жоғарыда айтылғандардың негізінде емшілік лицензияланбайды», - делінген хабарламада.

Басты кеңсесі Алматыда орналасқан «Сақтар» рухани халықтық медицина орталығының тағы да бес қалада филиалы бар. Рухани орталық әр өңірде конференция өткізіп, емшілерге сертификат беріп, медаль тағып тұрады. Сондай бір жиында Кейқуат Оспанов «Халық медицина маманы» деген сертификат пен куәлік алған.

Алматыдағы «Сақтар» рухани халықтық медицина орталығы мекемесі 20 жыл бұрын тіркелген. Оған Шакиров Амангельды Жакиярович деген адам 2016 жылдан бері басшылық жасап келеді. Мекеме жекеменшік, онда 11-15 қызметкер жұмыс істейді. 2024 жылы 206 мың 161 теңге салық төлеген, жалпы осы уақытқа дейін төлеген салығы - 611 мың 396 теңге болған. Жылдық кірісі – 10 млн 101 мың 889 теңге деп көрсетілген.