"Ол нашақор": Ақтөбеде кепілге алынған қыз не болғанын айтты
Ақтөбеде қорада кепілге алынып, аяусыз өлтірілген қарттың қызымын деген Елеонора Али атты желі қолданушысының хабарламасы тарады, деп хабарлайды buginmedia.kz
Елеонора Алидың жазуынша, полиция 5 сағат бойы күдіктімен сөйлесіп, келісімге келе алмай тұрған кезде, оның 75 жастағы әкесі өмір мен өлімнің арасында жанталасып жатқан.
«Мен қайтыс болған кісінің қызымын... Оқиға болған күні полицияға кешкі сағат 19.38-де хабар берілді. Полиция түнгі сағат 01.00-де үйге басып кірді. Онымен 5 сағат бойы сөйлескен. Шешесі күндіз қаза болған, ал менің әкем клиникалық өлім жағдайында жатты. Егер полиция келген бойда шара қабылдағанда әкем тірі қалатын еді... Егер полиция келе сала күдіктіні ұстау үшін үйге басып кіргенде, әкемнің өмірін құтқаруға болатын еді. Ол біткен нашақор, онымен 5 сағат сөйлесудің не қажеті бар еді» - деп жазды желі қолданушысы.
Ақтөбе облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарламаны теріске шығарды.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Ресми ақпаратқа сенуіңізді сұраймыз», - деп жауап берді полиция.
Осыған дейінгі ресми хабарламада полицияның күдіктімен 3 сағат келіссөз жүргізгені, күдікті кепілге алған адамды босату туралы талаптарды орындаудан бас тартқан соң үйге басып кіру туралы шешім қабылданғаны айтылған болатын.
Еске салайық, бір апта бұрын Ақтөбеде 40 жастағы ер адам Мәскеу ауданында орналасқан үйге кіріп, таныс әйел мен оның анасын және өгей әкесін кепілге алған. Ол үйге кіре сала, әйелден бастап, оның зейнеткер әке-шешесін аяусыз ұрып-соққан. Есік-терезені жауып, 75 жастағы қарт пен 67 жастағы әжейді пышақтап, қораға қамап тастаған. Әжей сол жерде қаза тапса, қария ауруханаға жеткен соң жантәсілім етті. Бүгін қаза болған кісілердің қызы ауруханадан шықты.