Аймағамбетов жаңа Салық кодексінің жобасына қандай түзетулер енгізілгенін айтты
Асхат Аймағамбетов Салық кодексінің жобасына енгізілген түзетулер туралы айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Салық кодексіне енгізілген бірқатар түзетулерді түсіндіріп, олардың қазіргі уақытта жұмыс тобы деңгейінде талқыланып жатқанын мәлімдеді.
Аймағамбетов өз Telegram-арнасында салық жүйесіне ұсынылған өзгерістердің азаматтар мен экономиканың дамуына айтарлықтай әсері туралы сөз қозғады.
1. Құмар ойындарға салынатын салықты арттыру
Құмар ойын бизнесі, әсіресе букмекерлік кеңселер, үлкен қаржылық мүмкіндіктерге ие. Жаңа Салық кодексінде бұл секторға 10 пайыздық салық салу ұсынылды. Алайда депутат бұл мөлшерлемені 20 пайызға дейін көтеруді ұсынуда, бұл бюджетке қосымша жүздеген миллиард теңге түсіруі мүмкін.
2. Банктер үшін корпоративті табыс салығын (КТС) ұлғайту
Үкімет жобасында банктерге арналған КТС мөлшерлемесі 25 пайыз деп белгіленген, алайда депутаттар бұл көрсеткішті 30 пайызға дейін көтеруді ұсынып отыр. Олардың пікірінше, қаржылық қызметтердің қымбаттауы және банктердің жоғары пайда табуы жағдайында бұл әділ шешім болмақ.
3. Алкоголь және трансмайларға акциз енгізу
Алкоголь: Бірінші қажеттілікке жатпайтын өнім ретінде алкогольге акциз мөлшерін арттыру ұсынылып отыр.
Трансмайлар: Зиянды және канцерогендік қасиеттерге ие арзан трансмайларға акциз енгізу ұсынылды. Бұл халық денсаулығына оң әсерін тигізіп, өндірушілерді табиғи майларға көшуге ынталандырады.
4. Дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге ҚҚС енгізуге қарсылық
Депутат дәрі-дәрмектерге ҚҚС енгізудің зейнеткерлер, балалар және мүмкіндігі шектеулі жандарға кері әсер ететінін атап өтті. Сол себепті қолданыстағы ҚҚС-тан босату нормасын сақтап қалуды ұсынды. Сонымен қатар, медициналық қызметтерге ҚҚС енгізу қолжетімділікті төмендететіндіктен, бұл ұсынысқа қарсы шықты.
5. Банк операцияларына ҚҚС енгізуді болдырмау
Банктік аударымдар мен қызметтерге ҚҚС енгізу қарапайым азаматтардың шығындарын арттырады деп саналады. Қазірдің өзінде аударым бағалары өсіп жатқанын ескере отырып, депутаттар бұл норманы қабылдамауға шақырады.
6. Эндаумент қорларын салықтан босату
Әлеуметтік және білім беру саласындағы жобаларды қолдау мақсатында қайырымдылыққа жұмсалған қаражатты салықтан босату ұсынылды. Бұл азаматтар мен компанияларды әлеуметтік жауапкершілікке ынталандыруға мүмкіндік береді.
7. B2B мәмілелеріне салық мөлшерлемесін төмендету
B2B мәмілелеріне арнайы салық режимі бойынша мөлшерлемені 12 пайыздан 8 пайызға дейін төмендету ұсынылды. Бұл бизнес қоғамдастығының сұранысына сәйкес жасалған қадам.
8. Мемлекеттік шығындарды оңтайландыру
Салықтық жүктемені арттырумен қатар, мемлекеттік шығындарды қысқарту мәселесі де өзекті. Мемлекеттік органдарға жаңа ғимараттар салу, ірі стадиондар мен концерт залдарын тұрғызу, имидждік шаралар өткізу шығындарын азайту ұсынылып отыр.