Астанада 21 жастағы жігіт өзінің төрт туысын ұйықтап жатқанда бауыздап тастаған
Астана қаласында туысқандарына ашуланған жас жігіт таңға жуық үйдегі төрт адамды пышақтап тастаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға Астана қаласында Ғабиден Мұстафин көшесі, 21\5 мекенжайындағы көпқабатты үйде болған.
Жанжал Free Fire ойынына байланысты туындаған көрінеді.
Таңғы сағат 4.00 шамасында жігіттің туысқандары оның телефонын тартып алған. Соған ашуланған жігіт олардың ұйқыға кеткенін күтіп, кейін төрт адамды бірдей бауыздап тастаған.
Салдарынан 1997 жылғы ағасы оқиға орнында жан тапсырса, қалған 3 адам ауыр жарақатпен ауруханаға түсті.
«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалға жігіттің әрекетіне қатысты туыстарының айтқан сыны себеп болған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - деп жазылған полиция мәліметінде.