Шоу-Бизнес

"Бір томпиған бала". Жанар Айжанова Хасанмен түскен суретіне пікір білдірді

Белгілі әнші Жанар Айжанова Талғардағы "Хутор" деп аталатын бандының жетекшісі делініп жүрген Хасан Қасымбаевпен түскен суретіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Әнші Хасан деген адамды, суретке қашан, қай жылы түскенін білмейтінін айтты.

“Хасан деген бәле болды. Желкемнен келіп суретке түскен екен, мен енді арқамнан суретке түскен адамдарға жауап бермеймін ғой. Маңдайында не деп жазулы тұрғанын қайдан білейін. Түссе анау, түспесе, көкірек деп айтасыңдар. Құдіреттерің жетсе, сол Хасанды, интервью беріп сайрап отыр ғой, “жазығым жоқ, үш баланың әкесімін, өзіммен өзім шаруашылықта жүрген адаммын” деп, егер шын ақиқатты білетін болсаңдар, барып қол-аяғын байлап әкеліңдерші менің аяғыма. Айтатынымды оған да айтам. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қазаның маған не қатысы бар. Сендер айтқаннан кейін біліп жатырмын оның Хасан екенін. Бір томпиған бала артымда тұр. Ол қай жылы түкен сурет, қай жерде түсірілген, қасында тағы басқа да әншілер тұр. Алып келіңдер пожалуйста, мен Талғарға жақын жерде тұрам, қашық емес. Қолын байлап әкеліңдерші, көрейік сосын кімнің кім екенін” - дейді әнші.

Талғардағы төбелесте қаза тапқан Шерхат Болаттың өлімінен кейін “күдіктілер “Хутор” ұйымдасқан қылмыстық тобының балалары, оның басында Хасан деген адам тұр” деген әңгіме желдей есті. Тіпті Хасанның жоғарыда тіреуі көптігі, соның бірі бұрынғы жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов екені айтылды. Ulysmedia.kz тілшісі қазіргі сенатордан Хасанмен таныстығы туралы сұрап көрген.

Жақып Асанов Хасанмен таныстығын үзілді-кесілді жоққа шығарып, ол адамды танымайтынын, көрмегенін жеткізді.

“Ол адамдарды танымаймын, білмеймін, көрген емеспін. Неге жариялады десеңіз қазір әлеуметтік желіде жалғандық көп қой, оның бәріне сене беруге болмайды. Бірақ кім біледі? Менің атымды шығарайын деп біреу… Мәселе тек менде емес. Жалпы жалғандық көп. Әрине, оның барлығы тергеу амалдарын жасауға үлкен кедергі жасап отыр. Меніңше, осындай жалған ақпарат бойынша жұмыс істеуіміз керек. Қазір қоғамда осылай адастыратын ақпарат көбейіп кетті. Олардың авторларын анықтап, жариялауымыз керек. Жұртшылыққа жеткізуіміз керек. Оны тіпті туысқандары, жақындары, ортасы білуі керек. Ондай адамдардың сөздеріне кейін ешкім сенбеуі керек” - дейді Асанов,

Бұған дейін Талғарды жұмса жұдырығында ұстап отыр делінген “Хутор” қылмыстық тобының барын ішкі істер вице-министрі де, облыстық прокурор да жоққа шығарып, күдіктілердің бәрінің таныстары мен контактілері тексерілгенін, қылмыстық топтың жетекшісі делінген Хасан Қасымбаевпен ешқандай байланысы анықталмағанын мәлім еткен.