Әлеумет

Сарыөзек гарнизонында сарбаз көз жұмды: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады

Құрлық әскерлері баспасөз қызметі Сарыөзек гарнизонында көз жұмған сарбазға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Гарнизондағы оқиғаның мән-жайын ҚР Құрлық әскерлері баспасөз қызметі хабарлады.

Олардың хабарлауынша, қаралы жағдай 14 қаңтарда жауынгерлік дайындық бойынша далалық оқу-жаттығу кезінде тіркеліп, Қ. есімді сарбаздың қарумен жұмыс істеу ережесін бұзуынан туындаған. Жауынгердің қайтыс болуына оқ жарақаты себеп болған. 

"Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", – дейді ҚР Құрлық әскерлері баспасөз қызметі.

Оқиға орнында Қазақстан Республикасы Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы бастаған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазір сарбаз өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

"Қызмет барысында сарбаз өзін оң жағынан көрсетті. Әскери бөлім қолбасшылығына қандай да бір арыз, шағым айтқан емес. Қызметтік міндеттерін толық көлемде орындады. Ата-ана мен туған-туысқандардың қайғысын, әрине жақсы түсінеміз, олардың қайғысына ортақпыз. Әр командир үшін де жауынгердің қазасы – қайғы", – деп жазылған хабарламада. 

Құрлық әскерлері марқұмның туыстарына қайғырып көңіл айтып, тиісті  көмек көрсетуге уәде берген.