Әлеумет

«Қиямет күні қатты азапқа тартылады»: ғұламалар кеңесі сурет салуға қатысты пәтуа шығарды

ҚМДБ ғұламалар кеңесі сурет салуға қатысты пәтуасын жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz

Ғалымдар сурет салудың үкімін екіге бөліп қарастырады:

Жансыз заттардың суретін салу. Төрт мәзһабтың (ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали) ғалымдары жансыз нәрселердің суретін салуға рұқсат етілгендігіне бірауыздан келіскен. Ибн Аббастан жеткен риуаятта сурет салушыға: «Бұдан басқа жұмыс жасай алмасаң, мына ағаштың суретін немесе кез келген жансыз затты бейнеленген» – деген.

Тірі жанның суретін салу. Бұл – ғұламалардың арасында тартысты мәселе. Жұмһур (ханафи, шафиғи, ханбали) ғалымдары тірі жанның толық бейнесін салуға тыйым салған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қиямет күні қатты азапқа тартылатындар – суретшілер» – деген.

«Осы ретте заманымыздың ғалымдары ойыншыққа салыстыра отырып білім беру мақсатында жаны бар нәрсенің суретін салуға рұқсат берген. Сондай-ақ тәрбиелік мәні бар, пайдалы, шариғаттың қағидаттарына қайшы келмейтін мултьфильмдерді шығаруға да рұқсат етіледі», - делінген пәтуада.

Шешім:

Жансыз заттың суретін салуға рұқсат етіледі.

Білім беруде, ғылыми мақсатта жаны бар нәрсенің суретін салудың оқасы жоқ.

Тәрбиелік мәні бар, шариғаттың қағидаттарына қайшы келмейтін мултьфильмдерді шығаруға болады.

Пайғамбарлардың бейнесін бейнелеу – харам.