«Төрт бала әкесіз қалды»: мейрамханада әйелге араша түсемін деп полицей көз жұмды
Алматыдағы мейрамханада әйелге араша түсемін деп қаза тапқан полицейдің артында төрт баласы қалды, деп хабарлайды buginmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Марқұмның мәйіті туған жері Байқоңырға жеткізілген. Марқұм Нұрсұлтан Несіпбаевқа үш рет пышақ сұққан күдікті бірден қамауға алынды. Ол өзге ел азаматы боп шықты.
Қанды қылмыс қаладағы танымал мейрамханалардың бірінде түнгі уақытта болған. Бақылау камерасына жазылған кадрлардан Нұрсұлтан Несіпбаевтың бейтаныс әйелді қалай қорғауға тырысқанын көруге болады. Аяусыз соққылап жатқан ер адамға ескерту жасап, сыртқа шығып кетеді. Сөйтіп араларында жанжал туындап, арты полицейдің өлімімен аяқталды.
"Қазақтың қызын қорғаймын деп, өмірі қыршынынан қиылды. Жолдасыммен әлі көретін жақсылығымыз әлі алда еді ғой, мақсаттарымыз алға қойған. Мына бала-шағаны өсіреміз деген мақсатымыз бар еді. Көптеген жақсылық болады деген мақсатымыз бар еді. Енді өкінішті, жастайынан өмірі қиылды", - дейді жесірі Бақыт Жетіген.
31 жастағы полицей мейрамханада жұмыстан тыс уақытта жүріпті. Іш құрылысы мен жүрек тұсынан пышақ жарақатын алған азамат ауруханаға жеткізіле салысымен көз жұмған. Оны жоқтап, артында әйелі мен екі ұлы, екі қызы қалды
"Жолдастарының алдында абыройлы, бауырмал, ағайынның ортасында қамқоршымыз еді, балам. Көп арқа сүйейтін едім, балама. Өзіміздің қазақтың қызын қорғаймын деп, өзінің өмірін қиып, артта аңыратып мені қалдырды. Төрт баласымен, келіншегімен. Мен баламды мақтан тұтамын", - дейді анасы Рая Жақанова.
Нұрсұлтан Несіпбаев он жылдан бері ішкер істер саласында қызмет атқарған. Қара жамылған отбасы оның арманы көп еді деп қайғырады. Әріптестері де ер адамның жұмысқа адал, жанашыр азамат болғанын айтып отыр.
"Мен Нұрсұлтанды 2017 жылдан бастап танимын. Екеуіміз жұмысты бірге бастағанбыз. Нағыз жедел уәкіл деп айтсам болады. Жұмысына адал, берік болатын. Әрдайым адамдарға көмектесіп жүретін және де өте ашық жігіт болатын", - дейді Медеу ауданы ПБ аға жедел уәкілі Бағдат Құрамысов.
Қанды қылмыс жасады деген күдікті қолға түсіп, қамауға алынды. Полицияның айтуынша, ол Өзбекстан азаматы.
"Қатарлас қызметтік тексеру жүргізілуде. Полиция қызметкері жұмыста емес еді. Қылмыстық істің басқа да мән-жайы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сай жария етілмейді", - дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Не де болса, марқұмның жақындары күдіктінің әділ жазалануын сұрайды. Ал оқиға болған мейрамхана иесі тілшілерге жауап беруден бас тартты. Сондықтан күдіктінің мекемеде суық қарумен қалай емін-еркін жүргені, қауіпсіздік қызметі қайда қараған деген сауалдар басы ашық күйінде.
ktk.kz сайтының материалдарын пайдалану Материалды мәтіннің бірінші немесе екінші сөйлемінде негізгі мәтін ретінде бір шрифтпен орналастырылуы тиіс материалға тікелей гиперсілтеме болған кезде рұқсат етіледі.