Таразда еркек пен әйел үйдің бесінші қабатынан құлап кетті
Тараздық екі тұрғынның түнгі көңіл көтерісі трагедиямен аяқтала жаздады. Ер мен әйел адам көпқабатты үйдің бесінші қабатынан бірге құлап кетті, – деп хабарлайды buginmedia.kz.
КТК телеарнасының хабарлауынша, тұрғындардың тәтті ұйқысын дүрс еткен дыбыс бұзған. Сөйтсе, бесінші қабаттан 26 және 38 жастағы екі адам құлап кеткен.
Абырой болғанда екеуі де жапсарлас салынған құрылыстың шатырына түскен. Ауыр жарақат алып аман қалғандарды құтқарушылар жерге түсірді. Куәгерлердің айтуынша, екеуі де мас болған. Олардың не себепті терезеден секіргені белгісіз. Қазір жергілікті полиция мән-жайды анықтауға кірісті.
"26 жастағы ер адамның жағдайы ауыр. Жамбас сүйегі сынып, жансақтау бөлімінде жатыр. Ал әйелдің аяғы сынып, жамбасына зақым келген. Жағдайы орташа ауыр. Қазір жағдайы тұрақталып келеді, дейді Тараз көпбейінді аурухананың жарақат бөлімінің дәрігері Мислим Ризманов.