"Декреттегі ата-ана табыс тапса, жәрдемақы неге тоқтап қалады": Тамара Дүйсенова жауап берді
Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова декреттегі аналар табыс тапса, баланың 1,5 жасына дейін берілетін төлем неге тоқтатылатынын түсіндірді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оның айтуынша, Әлеуметтік кодекске сәйкес, сақтандыру жүйесі бала күтіміне байланысты ата-ананың жоғалған табысын өтейді.
"Заңда дәл осылай көрсетілген. Осыған байланысты, сәбидің анасы немесе әкесі баланы күту үшін үйде отырып, бұрынғы табысын алмаса, оған жалақысының 40%-ы көлемінде өтемақы төленеді. Егер ол жұмысқа шықса және жалақы алса, бұл жағдайда, заңға сәйкес, еңбекке қабілеттілікті жоғалтуға байланысты төлемдер тоқтатылады", - деді Т.Дүйсенова Үкімет үйіндегі брифингте.
Дегенмен, Т.Дүйсенова елімізде бала туғанда берілетін, күтімі үшін берілетін түрлі жәрдемақы бар екенін атап өтті.
"Көпбалалы отбасы болса, бұл төлемдер тоқтатылмайды және әрі қарай төленеді. Біз ата-аналарды қолдау ретінде, егер олар жұмыс істеп, табысын сақтап қалса, оларды басқа көздерден – республикалық және жергілікті бюджеттен төленетін басқа жәрдемақылар арқылы ынталандырамыз", - деді Т.Дүйсенова.