"Сырттан біртүрлі дыбыс естілді":Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған бортсерік оқиғаның қалай болғанын айтты
Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines ұшағының апатынан аман қалған бортсерік оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Әзірбайжан журналистеріне сұхбат берген бортсерік Зулфугар Асадов ұшаққа сырттан соққы жасалғанын айтты.
“25 желтоқсанда таңғы сегізде ұшақ Бакуден Грозныйға ұшты. Қонғалы жатқанда Грозный әуежайын тұман басып тұрғанын көрдік. Командир төмендейді, бірақ нашар көрінгендіктен ол екінші айналымға, содан кейін үшінші айналымға өтеді. Нәтижесінде ұшқыштар ең жақын әуежайға ұшу туралы шешім қабылдады. Сырттан біртүрлі дыбыс естілді. Бортсерік Айдан Рахимли екеуміз кабинаға бардық. Жолаушылар дүрбелеңде, біз оларды тыныштандырдық. Екінші соққы естіледі. Осы кезде қолым жараланды, қолымды балтамен ұрғандай сезім болды. Салоннан шыққанда үшінші соққы болды”, – дейді бортсерік.
Зулфугар Асадовтың айтуынша, ұшақ командирі алғашында суға қонатындарын айтқан. Сондай-ақ бортсерік ұшақтың ішінде оттегі баллоны жарылды деген ақпаратты жоққа шығарды.
“Командир суға қонатынымызды хабарлады. Біз нұсқауларға сәйкес әрекет еттік. Жолаушылар құтқару кеудешелерін киді. Оттегі баллоны жарылған жоқ, бұл жалған ақпарат. Командир шешімін өзгертіп, суға емес, құрлыққа қонатынымызды хабарлады. Суда жолаушылардың барлығы өліп кетуі мүмкін. Сыртқы әсерлерден қозғалтқыштың жұмысы бұзылды. Ұшқыштар ұшақты биіктіктен жоғалтпай ұстауға тырысты. Біз жерге құладық, ұшақ екі бөлікке бөлініп кеткен екен. Мен өлдім деп ойлаймын. Бірақ есімді жидым, қан кетіп жатыр, тыныс алу қиын. Айдан екеуміз есік алдында жатырмыз, есікті ашуға тырыстым, ішке ауа кіріп, жеңілдеп қалдық. Біз жолаушыларға көмектесіп, бірге шықтық. Бізді құтқарушылар күтіп тұрды. Аллаға шүкір, тірімін. Мұның бәрі командир мен екінші ұшқыштың ерлігінің арқасында”, – дейді Зулфугар Асадов.