Жаңалықтар

Алматыдағы тай боксынан әлем чемпионының өліміне қатысты тың дерек шықты

Алматыда тай боксынан әлем чемпионы Әли Серік  пышақ жарақатынан қайтыс болды. Ұсталған күдікті 20 жастағы марқұмның бірге оқыған сыныптасы болып шықты, деп хабарлайды buginmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Әлемдік талай додада көк туымызды желбіреткен  жігіттің жақындары күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.

Қайғылы оқиға күні кеше Шұғыла шағын ауданында болды. 20 жастағы спортшыны 11 жыл бірге оқыған сыныптасы осы төңіректе пышақтап тастаған. Кеуде тұсынан жарақат алған Әли Серіктің демі дәл осы жерде үзілді. Кешқұрым болған қылмысты көрген көз көп.

"Қансырап жүгіріп құлады осы жерге құлады. Екі жігіт қашты. Артынан бір бала қуды. Таба алмадық деп, екі жігіт келді. Кәдімгідей тірі жатқан. Көз алдымда өлді", - дейді куәгер Серік Рақышев.

Спортшының кеудесіне пышақ салған онымен тай құлындай тебісіп өскен досы болып шықты.

"Жүрек тұсынан ұрған. Төрт рет. Мойнынан ұрған. Қолында екі пышақ болған ғой. Екеуімен ұрған ғой, қол қолдап. Екеуі негізі бір мектепте, бір сыныпта оқыған. Осы үйде ауызашарда, ораза кезінде ауыз ашып, көмектесіп жүрген бала болатын. Әлимен бірге қар күреп жүретін", - дейді анасы Ақмарал Табысбекқызы.

Жастайынан спортқа жақын болған Әли Серік өзінің қысқа ғана ғұмырында талай жүлдені қанжығасына байлап үлгерген.  Әлем додаларында көк туымызды бірнеше мәрте желбіреткен. Небәрі 17 жасында муай-тайдан әлем чемпионы атағын иеленіп, «халықаралық спорт шебері» атанған.

"Әли ең жас әлем чемпионы болған. Біз одан үлкен үміт күттік. Ол әрқашан өзінен кейінгі жастарға үлгі болатын. Келер жылы ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтуі керек еді. Әли сол доданы жеңіп, Азия чемпионатында бақ сынағысы келген. Түбінде кәсіпқой спортқа түбегейлі өтуді жоспарлаған еді", - дейді бапкер Рамис Ғабитов.

Болашағынан үміт күттіретін спортышының өмірін қиған күдікті бірден құрықталды. Қазір қамауда.

"Осы адам өлтіру дерегінің себебін «арамызда туындаған кикілжің, жанжалдың салдарынан пышақ жарақатын келтірдім» деп түсіндірме беруде. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128 бабының нормалары бойынша бұл азамат қамауға алынды. Қылмыстың басқа да мән-жайы анықталуда", - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Әлидің туыстары денені мәйітханадан бүгін алды. Олар тергеудің әділ жүріп, күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етеді.