Ведомствоның хабарлауынша, оқиға салдарын жоюға 306 адам, 101 бірлік техника, 2 әуе кемесі және 6 кинологиялық есептоп жұмылдырылды. Жұмыстарға Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұланның, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің, Апаттар медицинасы орталығының, жедел медициналық көмек бригадасының және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ Әзербайжан ТЖМ қызметкерлері тартылды.
ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадалары ұшақ апатқа ұшыраған жерде авариялық-құтқару жұмыстарын медициналық қамтамасыз етуді жалғастыруда. Апаттар медицинасы орталығының психологтары Ақтау қаласына келген туыстарына психологиялық көмек көрсетуде.
"Кеше авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу нәтижесінде Ақтау қаласының медициналық мекемелеріне 29 адам, оның ішінде 3 кәмелетке толмаған құтқарылды және ауруханаға жатқызылды. Қаза тапқандардың 38 мәйіті табылды, олар медициналық сараптама орталығына жеткізілді, олардың ішінде 6 Қазақстан азаматы және 3 экипаж мүшесі бар. 7 адамның денесі анықталды. Сонымен қатар кеше іздеу тобының нәтижесінде ТЖМ құтқарушылары қара жәшікті тапты. Оқиға орнында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды", - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта Ақтау қаласында апаттың себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.Астана қаласындағы Командалық орталықта және Маңғыстау облысының ТЖД-да жедел штабтар мен жедел желі телефондары жұмысын жалғастыруда: 8-7172-55-96-21, 8-7172-55-96-83, 8-7292-31-90-91. Жедел желі телефондарына шұғыл психологиялық көмек және ақпараттық сипаттағы 1 063 өтініш түсті.
Естеріңізге сала кетейік, кеше 25 желтоқсанда сағат 11.00-де Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының әуе кемесіндегі авариялық жағдай туралы ақпарат алғанан соң Ақтау қаласы әуежайының ауданына Қазақстан ТЖМ күштері мен құралдары дереу жіберілді.
Сағат 11.30-да әуежайдан 3 км жерде ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы ақпарат түсті. Салдарынан ұшақтың фюзеляжының екі көлденең бөлікке (қиранды арасындағы қашықтық 300 м) ақауы пайда болды, содан кейін ұшқыштар кабинасының маңында өрт шықты.
Сағат 11.35-те келген құтқарушылар өртті сөндіруге кірісті, ал сағат 12.05-те өрт толығымен сөндірілді. Апат болған жердің жалпы ауданы 4 200 шаршы метрді құрады.
Ұшақтың бортында 67 жолаушы, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болды.
Оқиға салдарын жоюға Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінен, Ұлттық ұланнан, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтінен, Апаттар медицинасы орталығынан, жедел медициналық көмек бригадасынан және жергілікті атқарушы органдардан 492 адам, 102 бірлік техника, 2 әуе кемесі және 10 кинологиялық есептоп, оның ішінде Астана қаласынан барған санитарлық борт жұмылдырылды.