Әлеумет

Атаулы әлеуметтік көмек алуға қойылатын талаптар жарияланды

2024 жылғы 1 қазанға 73,4 мың отбасындағы 389,1 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) тағайындалды,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Биыл осы мақсатқа бюджеттен 55,9 млрд теңге қарастырылған.

Бұрын хабарланғандай, АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірдегі жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

- табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2024 жылғы 1 қазанға АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 120,4 мың балаға 4,2 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;

- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажетіне қарай) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына, ауыл округінің әкіміне жүгіну немесе Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.